Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы

Тобы:  ҚТ – 117  

Пәні: «Қазақ әдебиеті оқыту әдістемесі» пәнінен ашық сабақ.

Тақырыбы: «Сабақта пайдаланылатын техникалық құралдардың түрлері».

Өткізген оқытушы: магистр оқытушы Турсуманова Фатима Жакиповна.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы

Тобы:  ҚТ – 117 

Пәні: «Қазақ әдебиеті оқыту әдістемесі» пәнінен ашық сабақ.

Тақырыбы: «Сабақта пайдаланылатын техникалық құралдардың түрлері».

Өткізген оқытушы: магистр оқытушы Турсуманова Фатима Жакиповна.

№10  тақырып. Сабақта пайдаланылатын техникалық құралдардың түрлері.

Лириканы оқыту

  Жоспары:

1.Лирика туралы әдеби-теориялық ұғым беру

2.Мұғалім өлеңнің поэтикалық көркем тіліне, құрылымына міндетті түрде назар аударуы.

 Мақсаты: Лириканы оқытудың күрделілігі оның жанрлық ерекшелігінде емес, ең бастысы оқушылардың оған деген көзқарасы, қарым-қатынасында. 5-8 сынып оқушыларының көбі поэзиядан гөрі қызықты мазмұны бар прозалық шығармаларды ұнатады.  

Мазмұны:  Сабақ басталмас бұрын көңілді, сазды, назды музыка қойып қою, мүмкіндігі болса өтілгелі отырған өлеңнің әнімен қоюдың, күйлерді тыңдаудың оқушыларды сабаққа әзірлеуде маңызы зор.Лирикалық шығармаларды өтуде мынадай мәселелерге көңіл бөліну керек:

  1. Лирика туралы әдеби-теориялық бастапқы ұғым беру.
  2. Өлеңді үйде алдын ала оқып танысу.
  3. Мұғалім өлеңнің поэтикалық көркем тіліне, құрылымына міндетті түрде назар аударуы, өзі талдамас бұрын, оқушылармен жұмыс жүргізуі керек.
  4. Өлеңді әуенмен, сазымен мәнерлеп оқуға, жатқа оқуға ерекше көңіл бөлу.
  5. Өлеңдегі ақынның көңіл-күйін бағдарлату, оқушылардың өз сезімі, өлеңнің әсеріне не назар аудару.
  6. Тақырыпқа сай музыканы, бейнелеу өнерін, басқа да өнер туындыларын, көрнекілікті, үйлесімді, тиімді пайдалану.
  7. Тиімді, көңілді оқу жағдайын туғызу.
  8. Қабілеттерін, шабыттарын ояту, белсенділіктерін арттыру мақсатында шығармашылық сипаттағы әдіс-тәсілдер пайдалану.
  9. Әр түрлі сабақ үлгілерін іздену (концерт сабақ, пәнаралық байланыс, музыка өнері, бейнелеу өнері) т.б.

Лирикалық шығармаларды оқыту. Лирикалык, шығармалардың адамның көңіл-күйіне, темпераментіне, білім-білік деңгейіне, мінез құлқына тікелей байланысты.

Лириканың эпос пен драмалық шығармалардан айырмашылығы.  Лириканың түрлері, мысалдары.

Мәнерлеп, мақамдап оқып-үйренуде, мұғалімнің жетекшілік рөлі ерекше. Лирикалық шығармаларда автор, акын бірінші орында тұрады. 10-11 сынып оқулықтарындағы лирикалық өлең түрлері мен ғылыми талдамасы. Бүкіл  әлем, гүл, бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір- поэзия дүниесі, ойнақы өмір беретін сырлар- поэзияның тетігі мен жаны, құралы жан-жақты түсініс беру керек.

Өлең- еркін сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына  дейін белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі, Абайша айтсақ, сөз патшасы, сөз сарасы. Өлеңдегі әр сөз адамның жан жүйесімен, көңіл күйімен, сезім толқындарымен өзекті байланыста, ұйқас пен ырғақ та, шумақ пен бунақ та осыдан туған. Өлеңнің әр ырғағы мен бунағында көл-көсір сыр ұялап, сезім шалқып жатады. Өйткені өлеңдегі әрбір, дыбыс мәні сөз мәнін әрі толықтырады, әрі ауыстырады - дейді. Лермонтов, Нағыз ақынның құдірет- күші сондай, ол өзі жазған өлеңдегі “бір ғана дыбыспен өмірді өзгеше құбылыс қалпында, қозғалыс үстінде әркімнің көз алдына әкеле алады.

Өлең атаулының негізі болып табылатын, оның өн бойына нәр беріп тұратын арқау ырғақ болып табылады.

Ырғақ, яки ритм (грекше rhytmos- шамалас, мөлшерлес, сайма-сай)- қимылдың, құбылыстың, үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы. Поэзиядағы ұлы қасиет- үндестік- гармония! Ал, сө збен дыбысты үндестікке әкелетін күш- ырғақ. Өлеңнің әр сөзі- ырғақты сөз.

Қысқасы, ырғақ- өмірде де, өнерде де көп нәрсенің кілті, өлеңде сөз бен дыбыс үндестігінің арқауы.

Өлеңді өлең ететін ырғақпен қатар ұйқас екені белгілі; ал ұйқас, яки рифма-(грекше phytmos- өлшемдес, мөлшерлес)- дыбыс қайталаулар, дәлірек айтқанда өлең тармақтарындағы сөз аяқтарының үндестігі, өзара ұқсас, дыбыстас естілуі.

Ұйқас- өлеңнің сыртқы түріне ғана емес, ішкі сырына тікелей қатысты нәрсе, яғни өлеңнің сыртқы сұлулығы үшін ғана емес, ішкі жылуы, қызуы үшін де ауадай қажет нәрсе.

“Қазақ поэзиясындағы ұйқастардың түрі көп,- деп жазады академик Қ.Жұмалиев,- бірақ ең негізгі және көп қолданылатындары мыналар: 1. қара өлең ұйқасы. 2. шұбыртпалы ұйқас. 3. ерікті ұйқас. 4. кезекті ұйқас. 5. шалыс ұйқас, 6. егіз ұйқас. 7. аралас ұйқас. 8. осы күнгі ерікті ұйқастар.

Поэзиялық шығармаларда ұйқас пен ырғақтан басқа шумақ, тармақ, бунақ сияқты ұғымдар бар.

Шумақ-аяқталған синтаксистік ой, жинақталған синтетикалық шындық. Шумақтардың жік-жігін ажыратуға болады. Шумақ бар жерде тармақ, тармақ бар жерде бунақ болатыны сөзсіз. Біз, әр бунақты тек ырғақ арқылы ажырата аламыз.

(Қабақ түйіп), (қара бұлт), (тұрды сәл-ақ),

(Өте шықты), (селімен), ( қырды сабап),

(Көк жүзіне), (керіліп), келе қалды),

(мәңгі- баки), (тозбайтын), (сырлы садақ). (І.Мәмбетов)

Бұл кестеде өлеңнің бір шумағы, төрт тармағы, он екі бунағы бар екен.

Шумақ, тармақ, бунақ- бәрін туғызып жүрген- ырғақ. Жалпы адам атаулыға  ән салдыратын, ақын біткенге өлең жаздыратын ырғақ.

Көркем мәтіннің кішкентай клеткасы- сөз. Шығарма шаңырағы сол арқылы көтеріледі. Жіптен кілем тоқыған шебер сияқты, кірпіштен зәулім сарай тұрғызған сәулетшідей жазушы да сөзді кәдеге жаратып, көркем туынды түндігін көтереді. Сол сөз образы бейнелі сөйлем құрылымына апарады, ал сөйлемдер белгілі бір оқиғаны құрастырады, ситуация жасайды, оқиғалар бір-бірінен өрістей отырып, шығарманың тұтас бітімін құрайды, Осы өрілімдер, оқиғалар өрісінде адам бейнесі жасалады, олардың характерлері қалыптасады, шығарманың идеялық- эстетикалық мазмұны ашылады. Қалыпты қара сөздер шығарманың, көркем құрылымына ену арқылы, бір-бірімен іштей кірігіп, эстетикалық қарым-қатынасқа түсу арқылы өнер әлемін тұрғызады.

Қазіргі әдістеме көркем шығармаға талдау жасаудың төрт түрлі тәсілін ұсынады.

  1. образ бойынша.
  2. тақырыптық.
  3. проблемалы.
  4. тұтас талдау.

Демек, талдау әдістерін түрлендіру арқылы шығарманың мазмұнын да, эстетикалық табиғатын да терең ашуға болады.

Лирикалық шығарманы оқыту,ең бастысы, оқушылардың оған деген көзқарасы, қарым – қатынасында. Әсіресе, 5 – 8 сыныптар оқушыларының көбі поэзиядан гөрі, қызықты мазмұны бар, айтайын деген ойының бәрі бадырайып тұратын прозалық шығармаларды ұнатады. Мұғалімге оқушыларды лирикалық шығармаларға қызықтыру, тарту жұмыстарынан гөрі, прозалық шығармаларға қызықтыру жеңілірек тиеді. Лирикалық шығармаларда ақын өз ойы, өз сезімі, өз күйін тікелей кейіптеу арқылы жеткізсе, лириканың сол өзіндік қасиеттерін түсіну үшін, баланың да ақын жанды жүрегі, нәзік сезімі, ұшқыр ойы болуы керек қой. Лирикалық шығармаларды құлақпен емес, жүрекпен, сезіммен қабылдау керек десек, ол шығармаларды бала қалай қабылдады, нені сезді, неге тебіренді, қандай көңіл – күйде болды оны тексеру де мұғалімге оңай соқпайтын мәселелер. Міне, сондықтан да лириканы оқытудың күрделілігі осында жатыр.

Ал, мысал ретінде қазақ әдебиетінің классик ақыны Абай Құнанбаев шығармашылығына, оның ішінде табиғат, махаббат лирикасына және қара сөздеріне қалам тарттық.

Сонымен, Абайдың лирикасы — кең көлемді мол қазына биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Алдымен, Абай — ақын. Ақын болғанда бүкіл бір халықтың ұлттық мәдениетінің ғасырлық мерейі, әдебиетінің заңғар биігі болған данышпан, классик ақын. Олай болса, Абай творчествосының дені — поэзия. Ал, сол Абай поэзиясыньщ дені — лирика. Осының өзінен-ақ, әлгі айтқаны-мыздай, мұның қаншалық шалқар теңіз екені белгілі.

Абай лирикасы сала-сала. Жалпы лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай өлеңдерінде соның бәрі бар. Белинскийше айтсақ, Абайды бірыңғай қайғының, яки қуаныштың ақыны деуге, не мұңшыл, не күлкішіл ақын деуге тіпті де болмайды. Абай лирикасында осының бәрі түгел, түтас жатыр. Оның сырлы жырларындағы сәл ғана, ең бір жәй сезінудің өзі оқушысының жан жүйесін, көңіл күйін түгел тебіренте толқытып, «барлық пернені түгел басып, барлық шекті түгел сөйлеткендей сайрайды» (Белинский). Бұл — ғажайып құбылыс. Кейбір сюжеттік немесе лиро-эпостық, лирикалық шегіністер елеулі орын алады. Бұл – жанр табиғатын да, идеясын да танытуға қажетті нәрсе. Мұны сюжет элементі мен суреттеу тәсілдері тұсында арнаулы объект етеміз. Мұндай формаларға І.Жансүгіровтің «Құлагер», «Дала», Сәкеннің «Көкшетау» поэмалары, Жамбылдың толғаулары, С. Көбеевтің «Қалың мал» романы құрал болады.

Лирика — поэзияның негізгі үш (эпос, лирика, драма) түрінің бірі. Лирикалық шығармаға көбінесе ақынның ішкі дүниесінің сезім күшімен тебірене толқуы, оның жеке өз басының көңіл күйі, күйініш-сүйініші тән. Ақын басында болатын мұндай толғаныс оның өзі өмір сүрген мезгілге, өзін қоршаған әлеуметтік ортаның моральдық бітіміне тығыз байланысты екені даусыз. Ақын қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, лирикада сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады. Оқушы мұнан ақын өмір сүрген дәуірдің рухын, жай-жағдайын байқап, хал-күйін аңғарып отырады.

Жалпы, сөз өнерінің өзге түрлері секілді, лириканың да суреттейтін құбылыстары көп. Эпос па, драма ма, лирика ма бәрібір, мақсат — адамның мінез-құлқын, күйініш-сүйінішін суреттеп қана тыну емес, сол арқылы өмірді, дәуір шындығын суреттеп көрсету екені мәлім. Осы жағынан алып қарасақ, лириканың эпосқа, яки драмаға принциптік қайшылығы жоқ. Жалғыз-ақ, жанрлық жағынан айырмасы — эпостық шығарма қат-қабат, шытырман оқиғаларды суреттеуге лирикадан гөрі әлдеқайда кең құлаш жая алады. Сюжетке құрылады. Шындық құбылыстарды жан-жақты, толық суреттеуге, бір оқиғадан екінші оқиғаға көше баяндауға мол мүмкіндігі бар.

Ал, лирикалық шығарма олай емес. Көлем жөнінен, эпосқа қарағанда әлдеқайда ықшам. Қат-қабат оқиғалы сюжеті жоқ, одан гөрі отты сезім басымдау, композициясы бас-аяғы жинақы бір алуан ойға құрылады.

Белинский лирикалы өлеңнің оқушыны төзімнен айырып, жалықтырып жіберер ұзақ болуын онша ұнатпаған «Лириканың ұзақ болу себебі ақынның бір өлеңнің ішінде бір сезінуден екінші сезінуге ауысуынан, сондықтан арасын жалғастыру үшін амалсыз шешендікке салынып, ақындыққа шәлкес сырдаң ақыл айтуынан», — деп білген.

Лирикалық шығармалардың күрделі композициялық формалары бола бермейді, сондықтан оны белгілі бір жүйеге келтіріп, түр-түрге бөліп жатудың керегі жоқ және күні бүгінге дейін тұжырымды түрде бұлайша топталған да емес. Ілгергі кезде (XVIII ғасырда), орыс әдебиетінде классицизм дәуірлеп тұрған тұста әркімдер лириканы түр-түрге бөліп берген болды. Олардың бастылары: Ода, Элегия, Баллада, Идиллия, Романс, Мадригал, Эпиграмма, Надпись, Эпитафия, Эпиталама, Эклога, тағы басқалар.

Лириканы идеялық-тақырыптық негізіне сай, мазмұнына қарай топтап, бірнеше салаға бөлу орынды: саяси лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы.

Лирика — ақынның бір сәтте жалт еткен нұрлы ойы, жарқ етіп тұтас көрінген ішкі сырлы дүниесі.

Лирикалық шығармадан оны жазған адамның өмір сүрген ортасын, сол ортаның саяси-әлеуметтік халін, адамдардың алуан-алуан мінез-қүлқын, ой-өрісін, жан-күйін, арман-тілегін, мақсат-мүддесін аңғарамыз.

Сонымен қатар, лирикалық шығармадан ақынның өзін, өзіне тән айрықша мінезін тануға да болады. Өйткені лирикада ақынның оқушыға бұрын онша мәлім бола қоймаған сыры мен сезімі жалт етіп сыртқа шығып, жарқ етіп бір көрініп қалады. Оның өзі ғана емес, оқушыны да тебіренте, сезіндіре көрінеді. Оқушы енді бір ауық ақын басында болған күйініш-сүйінішті өз басынан кешіреді. «Оның қайғысымен қайғырып, қуанышымен, шаттығымен, үмітімен тыныстайды, оның көзімен көріп, құлағымен естіп, тілімен сөйлейді» (Белинский). Ақын өз лирикасында осылайша жарқ етіп, терең ойы мен сезгіш жанының жалпы жұртқа бұрын мәлім емес белгісіз түкпірін нәзік толқынмен осылайша ап-айқын ашып, танытады. Мұны ұғу да, әрине, оңай емес.

Ұқпассың үстірт қарап, бұлғақтасаң,

Суретін көре алмассың, көп бақпасаң,

Көлеңкесі түседі көкейіңе,

Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң – деп кемеңгер Абай тегін айтпаған.

Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өзінің таптық көзқарасын, идеялық бетін айқындайды.

Лириканы оқыту әдістемесі шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнына, эстетикалық – көркемдік қуатына сай белгіленеді. Ақынның өз үні, әуезі, барлық поэзияға құмартушылардың үніне айналады. Лириканы қабылдау ұғыну, түсіну, өлең құдіретін пайымдау т.б. Лириканы оқытудағы мазмұн мен форма бірлігі, идеялық-эстетикалық талдау тұтастығын қамтамасыз етеді. Өлеңді қабылдаудағы эмоциялық және логикалық бірлік. Лирикалық қаһарман, лирикадағы әсемдік идея, тақырып, лирикадағы сюжет мәселесінің өзіндік ерекшелігі мол.

 

Бақылау сұрақтары:

 

  1. Лирикалық шығарманың қадір-қасиетін, азаматтық үн, әлеуметтік мазмұнындағы астарлы ой- пікірді тану түрлері.
  2. Лирикалық өлеңнің ақын шығармашылығымен тығыз бірлікте жан-жақты талданатындығы.

 

Ұсынылатын әдебиеттер.

1.Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия.Алматы,1960

2.Қабдолов З.Әдебиет теориясының негіздері.Алматы,1970

3.Бітібаева Қ.Әдебиет сабағының түрлері мен үлгілері.Алматы.1994